ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КРЕДИТТІК ҰТҚЫРЛЫҚ:
ЖОО-ҒА АРНАЛҒАН АҚПАРАТ

Серіктес елден жоғары оқу орны өз студенттерін, докторанттарын немесе қызметкерлерін Бағдарлама еліндегі серіктес ЖОО-ға және керісінше жібере алады. Студенттер мен докторанттар үш айдан (немесе бір семестр/триместр) бір жылға дейінгі (максималды) кезең ішінде шетелде оқып, Эразмус+ бағдарламасының грантын ала алады. 2018 жылдан бастап Эразмус+ бағдарламасы студенттер мен докторанттарға Бағдарлама елдерінде немесе серіктес елдерде тағылымдамадан өтуді ұсынады. ЖОО қызметкерлері шетелдік ЖОО-да оқыту және/немесе біліктілікті арттыру үшін екі айға дейінгі мерзімге грант ала алады.

Ұтқырлықты жүзеге асыру үшін ЖОО-лар өзара институтаралық келісімге қол қоюы қажет. Мұндай келісімде жіберуші және қабылдаушы ЖОО студенттердің ұтқырлығы үшін қандай білім беру бағдарламалары қол жетімді екендігін және қызметкерлердің ұтқырлығы үшін қандай нұсқалар бар екенін көрсетеді. Бұл келісімдер студент қайтып оралғаннан кейін оны жіберген ЖОО студент шетелде оқу нәтижелері бойынша алған кредиттерді мойындайтынына және оларды транскриптке енгізетініне кепілдік береді.

Қаржыландыру алу үшін Бағдарлама елінен университет және серіктес елден университет ұтқырлық туралы екі жақты келісім жасап, қаржыландыру алу үшін өтінімді толтыруы тиіс. Содан кейін, Бағдарлама еліндегі университет өз еліндегі уәкілетті Ұлттық агенттікке өтініш береді, олар өтінім сапасын бағалайды және нәтижелері бойынша өтінімді қолдау немесе қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

Халықаралық кредиттік ұтқырлыққа қатысуға өтінімді Бағдарлама елінің ЖОО ғана береді. Бағдарламаға қатысу үшін өтініш беруші университет Жоғары білім бойынша Эразмус Хартиясына қол қоюы тиіс (Erasmus Charter for Higher Education). Серіктес елден келген университет үшін Хартияға мүшелік талап етілмейді, бірақ оның ұтқырлықты ұйымдастыру бөлігіндегі негізгі принциптері институтаралық келісімде жазылады және бекітіледі. Осылайша, университеттер студенттері мен оқытушылардың ұтқырлығын ұйымдастыру сапасын, соның ішінде оқу бағдарламалары туралы ақпараттың өзектілігі, қолжетімділігі және ашықтығын, тану және т. б. рәсімдері үшін ECTS (немесе ұқсас жүйе) болуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

Серіктес елдердің студенттері мен докторанттары ай сайын 800-ден 900 евроға дейінгі мөлшерде шетелде болу шығындарын төлеуге қаражат ала алады (Бағдарламаның тиісті еліндегі тұру құнына байланысты). Бағдарлама елдерінен серіктес елдерге жіберілетін студенттер мен докторанттар үшін шығындарды жабуға арналған мұндай сома барлық серіктес елдер үшін айына 700 еуроны құрайды.

Серіктес елдердің жоғары оқу орындарының қызметкерлері өз шығыстарын жабу үшін күніне 140-тан 180 еуроға дейінгі мөлшерде қаражат ала алады (Бағдарламаның тиісті еліндегі тұру құнына байланысты). Серіктес елдерге жіберілетін бағдарлама елдерінің ЖОО қызметкерлері күніне 180 еуро алады.
Әрбір қатысушыға жол жүру шығындары жіберуші және қабылдаушы ЖОО арасындағы қашықтыққа байланысты мөлшерде төленуі мүмкін.

ҚАЛАЙ ҚАТЫСУ КЕРЕК

Серіктес елдердің жоғары оқу орындары қысқа мерзімді студенттік ұтқырлық пен қызметкерлердің ұтқырлығын қаржыландыруға тікелей өтінім бере алмайды.

Сондықтан Қазақстандық жоғары оқу орындары ХКҰ қаржыландыруға өтінім беруге келісім жасау мақсатында Бағдарлама елдеріндегі жоғары оқу орындарымен байланысты орнату және нығайту қажет.

Студенттер мен қызметкерлер өздерінің оқу орындары арқылы ғана қатыса алады. Қатысу үшін іріктеу өлшемдері мен рәсімдерін жіберуші және қабылдаушы ЖОО бірлесіп анықтайды.

ҰТҚЫРЛЫҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

Бағдарлама елінің ЖОО қатысушымен гранттық келісімге қол қою үшін жауапты болады және егер институтаралық келісімде басқаша көрсетілмесе, кіріс және шығыс ұтқырлығы үшін барлық гранттық төлемдерді әкімшілендіретін болады.

Жіберуші жоғары оқу орны қатысушыларды іріктеуге және оларға барлық қажетті қолдау көрсетуге, соның ішінде кету алдындағы дайындықты, ұтқырлық кезіндегі мониторингті және ұтқырлық кезеңін ресми мойындауға (кредиттерді қайта есептеуге) жауапты болады.

Ұтқырлықтың мүмкіндіктері, іріктеу рәсімі мен өлшемдері туралы ақпарат жалпыға қолжетімді болуы тиіс. Қатысушыларды іріктеу әділ, ашық және құжатпен ресімделген болуы тиіс.

Студенттерге ұсынылатын оқу қызметі/тағылымдама олардың оқу бағдарламасының бір бөлігі болуы тиіс. Жіберуші, қабылдаушы ұйымдар мен білім алушы ұтқырлық басталғанға дейін «Оқыту туралы келісімге» қол қоюы тиіс, онда келесі көрсетіледі:

  • қабылдаушы мекемеде студент орындайтын білім беру компоненттері,
  • шетелде оқу бағдарламасын сәтті аяқтағаннан кейін жіберуші оқу орнында қайта есептелетін білім беру компоненттері,
  • тараптардың құқықтары мен міндеттері.


Шетелге жіберілетін қызметкердің қызметінің түрлері жіберуші және қабылдаушы ұйыммен алдын ала келісілуі тиіс. Ұтқырлықтың барлық қатысушылары «Ұтқырлық туралы келісімге» қол қоюлары тиіс, онда көрсетіледі:

  • ұтқырлық бағдарламасы
  • күтілетін нәтижелер
  • тараптардың құқықтары мен міндеттері.

Келісім үлгісі - оқыту үшін қызметкердің ұтқырлығы
Келісім үлгісі - оқуға деген қызметкердің ұтқырлығы

БАЙЛАНЫСТАР

Қазақстан, 050059, Алматы қаласы,

әл-Фараби даңғылы, 21, AFD Plaza,

9-шы блок, 225-226 кеңсе,.

Тел.: +7 727 3118643  +7 727 3118645

E-mail: neo@erasmusplus.kz 

nc@erasmusplus.kz

Бұл вебсайт Еуропалық Комиссияның қолдауымен құрылды. Вебсайттың мазмұны авторлардың жауапкершілігі болып табылады және Еуропалық Комиссияның пікірлерін көрсетпейді. Комиссия онда көрсетілген ақпаратты қолданғаны үшін жауапты емес.

.

Copyright © 2019 National Erasmus+ office in Kazakhstan. All Rights Reserved. Designed By © Belight LLP